PRO санатындағы жаттықтырушыларға арналған оқу курсы. Арнайы QSport арнасы үшін Самат Смақов пен Станислав Погорелов ойларымен бөлісті

2025.02.18

Түркияда PRO санатындағы жаттықтырушыларға арналған оқу курсы өтті.

UEFA Pro курсының бағдарламасы бапкерлердің біліктілігін арттыруға бағытталған. Оқу бағдарламасы аясында курс тыңдаушылары «Динамо Киев», «Шериф», «Динамо Махачкала», «Балтика», «Париж НН» және «Иберия» клубтарының оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыру ерекшеліктерімен танысты.

QSport тілшісі оқуға қатысып, бапкерлік дайындықтың маңыздылығын, Қазақстан құрамасының алдағы матчтардағы болашағын және жаттықтырушылар курстарының құрылымын талқылады.

Самат Қабирұлы Смақов

«Жетісу» ФК бас бапкері

— Қазір сіз оқу-жаттығу жиынындасыз, бас бапкерсіз, сонымен қатар білім алуға да уақыт табуыңыз керек. Осындай іс-шаралар сізге қалай әсер етеді? 

— Иә, біз чемпионатқа дайындық үстіндеміз. Қазір ең қызу кезең, алғашқы ойынға үш апта қалды. Соған қарамастан, біз осындамыз. Бірақ біз осы оқуға түскен кезде бұған дайын болдық. Кейде клубтағы жұмыстан бас тартып, оқуға көңіл бөлуге тура келеді. Дегенмен, бізге түсіністікпен қарап жатқан тәлімгерлерге алғыс айтқым келеді. Себебі, кейде клубтың бақылау матчтарына барып, кейін оқуға қонақүйге оралып отырамыз.

— PRO санаты бойынша оқуда өзіңіз үшін қандай жаңа нәрселер білдіңіз?

— Мен футболдағы карьерамды небәрі алты жыл бұрын аяқтадым, сол себепті мен үшін ең жаңа дүние — методология. Бұған дейін оған аса көңіл бөлген жоқпын, үйренетін уақыт болмады. Бұл тура бірінші сыныптан бірден төртінші сыныпқа ауысқанмен тең. Бақытымызға орай, бізге бағыт-бағдар беретін тәлімгерлер бар, кез келген сұрақ қоюыма мүмкіндік бар. Солардың көмегімен методология тілін түсініп келемін, бұл мен үшін өте құнды.

— Ойыншы ретіндегі тәжірибеңіз жаттығу процесіне қалай көмектесуде?

— Өте қатты көмектеседі. Кейбір сәттерде ойыншыға өзімнің тәжірибем арқылы нақты жағдайларда қалай әрекет ету керектігін көрсете аламын.

— Команданың дайындығы қалай өтуде? Құрам бойынша қандай өзгерістер күтуге болады? Жаңа ойыншылар келе ме?

— Команда 80%-ға өзгерді. Сонымен қатар, қазіргі құраммен біз екі айға жуық уақыт жұмыс істеп келеміз. Сондықтан әр ойыншының мүмкіндігін толық зерттедік деп айта алмаймын. Мұнда мен олардың жеке қасиеттері, әлеуеті және даму нүктелері туралы айтып отырмын. Белгілі бір деңгейде біз ойыншылармен бірге үйренудеміз. Олар біздің тактикалық талаптарымызды, жаттығу процесін түсіне бастады, ал біз олармен жұмыс істеуге бейімделудеміз. Құрамға келер болсақ, біз тәжірибе мен жастықтың үйлесімін табуға тырысып жатырмыз. Бұл оңай процесс емес.

— Легионерлер сіздің командада бола ма?

— Әрине, легионерлер болады, бірақ олар демеушілердің қаражатына келеді. Жеке өзіме көмектескен достарым үш легионерге қаржы бөлді. Бюджет аса үлкен емес, сондықтан сапалы ойыншыларды мұқият таңдап жатырмыз. Күн сайын футболшыларды қарап шығамыз, бірақ қаралымға барлығы бірдей келе бермейді. Егер ойыншы біздің командаға келіп, өз ойынымен ұнап жатса, келісімшарт жасауға тырысамыз, бірақ бұл оңай шаруа емес.

— Олардың есімдерін кейін білеміз бе?

— Иә, әзірге бұл туралы айтқым келмейді. Маңыздысы, жаңа заң қабылданғаннан кейін қазақстандық ойыншылардың бағасы да екі есе өсті. Футболшылардың жақсы жалақы алуына қарсылығым жоқ, бірақ баға мен сапаның сәйкестігі маңызды. Өкінішке қарай, бізде көбінесе баға жоғары, ал сапа төмен болып жатады.

— Сізде тек клуб деңгейінде ғана емес, ұлттық құрамада да үлкен тәжірибе бар. Құрамадағы соңғы өзгерістерге қатысты пікір білдіре аласыз ба?

— Досым Әли Ханалиұлын жаңа қызметімен құттықтағым келеді. Бұл оның мансабындағы жаңа деңгей, бірақ мен оның бұл міндетті орындай алатынына сенімдімін. Ол ойыншылар туралы менімен де ақылдасты. Құрамға алғаш рет шақырылған жаңа ойыншылар бар. Бұл оларға өзін көрсетуге, даму мен жетілуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ұлттық құраманың бапкерлік штабы мен басқару департаментінің клубтармен келіссөз жүргізіп, ойыншыларды бір апталық циклге жіберуге мүмкіндік алғаны қуантады. Себебі 2-3 ойыншының командадан уақытша кетуі жаттығу процесіне айтарлықтай әсер етеді. Бірақ барлығы мұның ұлттық құрама үшін жасалып жатқанын жақсы түсінеді.

— Құраманың топтағы мүмкіндігін қалай бағалайсыз?

— Қазір нақты ештеңе айта алмаймын. Тек команданың соңғы нәтижесіне қарай баға беруге болады.

________________________________________________________________________

Погорелов Станислав Александрович

Қазақстан футбол федерациясының жаттықтырушылар білімін дамыту бөлімінің жетекшісі

— PRO санаты бойынша жаттықтырушыларды оқыту неден тұрады және бүкіл процесс қанша уақытқа созылады?

— Қазақстандағы PRO санатының курсы 8 модульден тұрады. Біз 2024 жылдың қарашасында бастадық, қазір екінші модуль кезеңіндеміз: 8 ақпанда басталып, 16 ақпанда аяқтаймыз. Үшінші модуль наурыз айында өтеді. Оны Астанада ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Егер барлығы жоспар бойынша жүрсе, 8-модульді 2026 жылдың сәуір айында аяқтаймыз.

— UEFA оқу процесін қалай бақылайды?

— Біздің курсқа UEFA Jira Panel ұйымының өкілі қатысады. Бұл ұйым жаттықтырушылардың білімін бақылаумен айналысады. Бізге кеңесші ретінде Геннадий Скуртул көмектесіп жатыр.

— Қазіргі таңда Қазақстанда қанша жаттықтырушыда PRO лицензиясы бар және жылына қанша маман осындай лицензия алады?

— Оқу екі жылға созылады, ал UEFA топтардың арасында 1,5-2 жылдық үзіліс жасауды ұсынады. Қазіргі уақытта шамамен 70 жаттықтырушыда PRO лицензиясы бар, ал жаңа топта 20 адам білім алуда.

— Тізімді қарап шықтым, онда ҚПЛ клубтарының қазіргі бас бапкерлері мен ассистенттері де бар. Оқу кезінде жаттықтырушы міндетті түрде жұмыс істеуі керек пе?

— UEFA-ның біз орындауға тырысатын міндетті талабы – жаттықтырушының клубта практикалық жұмыс істеуі. PRO лицензиясы үшін бұл маман Премьер-лигада, Бірінші лигада, Екінші лигада немесе QJ-Лиганың үлкен жас санаттарында жұмыс істеуі керек.

— Бүгін курсқа спикер ретінде «Балтика» футбол клубының бас бапкері Андрей Талалаев шақырылды. Осындай спикерлер мен командаларды қалай таңдайсыздар?

— Біз өз жаттықтырушыларымызға жүйелі методология бойынша жұмыс істеуді үйретуге тырысамыз. Сондықтан біз жүйелі және ұйымдастырылған футболды насихаттайтын мамандарды таңдаймыз. Яғни, олардың ойын стилі күнделікті жүйелі жұмысқа негізделуі керек.

— Яғни, сіздер осындай бапкерлерді жеке өздеріңіз іздейсіздер ме?

— Иә, солай деуге болады. Біз ұйымдастыру жағынан әрі шабуылда, әрі қорғаныста да жақсы футбол көрсететін командаларды бақылаймыз. Осыған сәйкес, сол жаттықтырушылармен байланыс орнатуға тырысамыз.

— Бүгін Андрей Викторович модульдер аясында ғана емес, одан тыс жерде де тәжірибенің маңыздылығы туралы айтты. Тренерлерге модульден бөлек матчтарға барып, мамандармен кездесу ұйымдастыруға көмектесесіздер ме?

— Иә, курс барысында UEFA-да тағы бір тағылымдама жоспарланған. Ол UEFA-ның Ньондағы штаб-пәтерінде өтеді. Сол жерде UEFA нұсқаушылары бізбен жұмыс істейді. Сонымен қатар, біздің тыңдаушылар өз бетінше тағылымдамадан өту үшін клубтарды таңдап, біздің ұсыныстарымызға сәйкес жаттығу процестерін бақылап, мамандармен тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады.

— Оқу қалай аяқталады? Қатысушылар емтихан тапсыра ма?

— Курс 2026 жылдың сәуір айында аяқталады. Сол кезде әр тыңдаушы емтихан тапсыруы керек. Емтихан оның жұмыс орнына барып өткізіледі. Яғни, біз жаттықтырушы жұмыс істейтін клубқа барамыз. Ол бізге өзінің жоспарлау жүйесін, ойын философиясын, ойын бағдарламасын көрсетеді және сонымен қатар практикалық жаттығу өткізеді. Бұл сабаққа курстың тәлімгерлері мен нұсқаушылары қатысады. Осы бағалау нәтижесі бойынша әр жаттықтырушыға PRO лицензиясы беріледі.