Ислам Чесноковтың Сұхбаты

2025.02.18

Ислам Чесноков Түркиядағы біздің тілшімізбен кездесіп, өзінің өткеніне, қазіргі жағдайына және болашағына қатысты пікірімен бөлісті.

ФУТБОЛДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ

–        Алғаш рет допты қолыңа алған сәтің есіңде ме?

–        Жоқ, ондай нақты бір сәт есімде жоқ. Маған біреу доп беріп, мен ойнай бастаған кез есімде қалмапты. Мені ағам футбол үйірмесіне алып барды, ал допты алғаш қолыма алған сәт сол жерден есімде. Сол кезде жаттығуға бар ынтаммен баратынмын.

–        Ол кезде неше жаста едің?

–        Шамамен 6-7 жаста болдым.

–        Кейде футболшылар алғашында қақпашы болып ойнап, кейін басқа жерге ауысып жатады. Сенде ондай өзгерістер болды ма, әлде әрдайым шабуылда ойнадың ба?

–        Жоқ, бала күнімізде көбіне залда ойнайтынбыз. Онда нақты қорғаныс немесе шабуыл деген болмады. Барлық жерде ойнадым, тек қақпашы болған жоқпын. Бірақ футзалдағы бесінші ойыншы рөлін атқарған ұнайтын.

–        Қазір футзал ойнайсың ба?

–        Соңғы екі жылда ойнамадым. Бұрын қысқы демалыс кезінде достарыммен залға жиналып ойнайтынбыз.

ӘЖЕСІ ТУРАЛЫ

–        Әжең туралы аздап айтып берші. Өзі спортпен айналысқан ба? Футболға деген көзқарасы қандай? Ойындарыңды көре ме, оларды бірге талқылайсыңдар ма?

–        Иә, ол әрқашан қарайды! Әрбір матчты көреді, уайымдайды, кейде айқайлап, тіпті ұрысып жатады, көршілер де естіп қалады. Ойындарды қадағалап, маған хабарласып, талқылап отырады. Бірақ өзі бұрын спортпен айналыспаған.

–        Бірге отырып футбол көрген кездерің болды ма?

–        Иә, үйде отырғанда мен футбол қараймын, ол да жанымда отырып бірге тамашалайды. Ол сырт көзбен бақылап, өз пікірін білдіріп отырады.

–        Футболға деген қызығушылығы сен арқылы артты ма, әлде бұрыннан қызығатын ба?

–     Ағам, яғни оның ұлы, футбол ойнаған. Ол кезде мен де әжеммен бірге стадионға барып, футбол көретінмін.

–        Қазір әжеңмен жиі кездесуге мүмкіндік бар ма?

–        Ашық айтсам, көп кездесе алмаймыз. Бір жағынан, өзімнің кінәм де бар шығар, бір жағынан, уақытым аз. Жиындар, жаттығулар… Бірақ қыста барып, жүздесіп қайттым.

–        Сенің мансабыңа әсер еткен адамдардың бірі – әжең деп айта аласың ба?

–        100 пайыз, иә. Менің мансабыма екі адам әсер етті: әжем мен ағам.

2024 ЖЫЛҒЫ МАУСЫМ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

–        Футболдағы өткен жылдың үш есте қалған сәтін атап өтші.

–        Бірінші есіме түсетіні – Қазақстан Суперкубогы. Біз оны Анталияда жеңіп алдық, бұл керемет эмоция болды. Жарты жыл ішінде екінші трофейді ұту – ерекше сезім. Сондай-ақ, Семейге «Елімайға» барған кезім де есте қалды, өйткені мен ол жерде ойнағанмын, сол клубта алғашқы қадамымды жасадым.

–        Ұлттық құрама туралы не айтасың?

–        Норвегиямен тең ойнағанымыз – иә, жақсы естелік. Ал қалған матчтарда нәтиже көңіл көншітпеді.

–        «Тобыл» – «Астана» (1:0) матчында не сезіндіңдер? Команда ішінде қандай көңіл-күй болды? «Тобыл» әдейі жеңіледі деген сөздер тарап жатты. Осыны өзің естідің бе?

–        Мұндай әңгімелерді естімеу мүмкін емес. Бұл ақпараттар барлық жерде болды – баспасөзде, жанкүйерлер арасында. Бірақ бұл бізге керісінше, қосымша мотивация берді. Біз тек өзімізге ғана емес, басқаларға да дәлелдегіміз келді. Ақырында дәл солай жасадық.

–        Ойыннан кейін ерекше қуаныш болды ма?

–        Жоқ, қарапайым матч секілді қабылдадық. Тек осы алып-қашпа әңгімелерге байланысты эмоциялар ерекше болды.

–        Маусымда команданың қандай тұсы әлсіз болды? Бапкер ауысқаны әсер етті ме? Еурокубоктарда келесі кезеңге өтуге мүмкіндік болды ма?

–        Бапкердің маусым барысында ауысуы, сөзсіз, өз әсерін тигізеді. Жаңа бапкердің талаптарына бейімделу үшін уақыт керек. Меніңше, бізге тұрақтылық жетіспеді. Біз үздік командаларға қарсы жақсы ойнадық, оларды жеңдік. Бірақ ортаңқол командалармен кездескенде босаңсып, күтпеген жеңілістерге ұшырап отырдық.

ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМА

–        Бір жыл бұрын Қазақстанда футболдық бум болды, барлығы Еуро-2024 жолдамасы үшін өтетін матчтарды күткен еді. Кейін Ұлттар лигасындағы ойындардан да жоғары нәтиже күтті. Бірақ рейтинг бойынша қарасақ, Қазақстан ойнаған командалардың барлығы әлдеқайда жоғары тұрды. Грекиямен матч алдында қандай сезімде болдың?

–        Грекиямен ойынның алдында біз өте жақсы дайындалдық, бізді сол жақта матчқа 20 күн бұрын жинады! Шынымды айтсам, үлкен үміт болды, сенім болды, бірақ біз тым қатты уайымдап, артық дайындалып қойдық, бұл бізге кері әсерін тигізді. Ерте гол өткізіп алдық, содан кейін эмоциялар көп болды, сәл суыққандылық қажет еді.

–        Ұлттар лигасындағы алғашқы матч Норвегияға қарсы болды. Мықты құрамы және Холланды бар қарсыласқа ерекше назар аударылып, көпшілік күткен үлкен ойын болды. Ішкі қысымды қалай сезіндіңдер?

–        Жаңа бапкердің бірінші ойыны болғандықтан өзімізді көрсету керек болды. Эмоцияның арқасында 90 минут шыдай алдық. Бірақ шындықты айтсам, сапа жағынан келесі ойындар Норвегиямен (0:0) болған матчқа қарағанда жақсырақ өтті. Бірақ нәтиже бойынша өздеріңіз көріп тұрғандай болды.

–        Жалпы Қазақстан осындай құрамалармен ойнап, ұпай алып, жеңіске жете ала ма?

–        Әрине, бұл футбол, алаңда бәрі болуы мүмкін, өткен Ұлттар лигасы соның дәлелі.

–        Станислав Саламович Черчесовпен жұмыс істеуді қалай бағалайсың?

–        Ол үшін тәртіп бірінші орында. Ол талаптарды орындауды үйретті, ол – ескі мектептің бапкері.

–        Ол сені мақтаған кездер болды ма?

–        Кейде мақтады, кейде жоқ, әртүрлі жағдайлар болды.

–        Менің мәліметім бойынша, ол сені осы құраманың ең талантты ойыншыларының бірі деп санаған.

–        Мүмкін, сондықтан менен көбірек талап етті, көбірек сын айтты, бірақ кейін қарым-қатынасымыз жақсарды. Мен оған ризамын, онымен жұмыс істегеніме қуаныштымын.

–        Жақында әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі алғашқы ойындар өтеді. Уэльс, Лихтенштейн, одан кейін Солтүстік Македония мен Бельгия бар. Осы құрамалар жайлы не айтар едің?

–        Уэльспен ойын қиын болады, өйткені бұл – британдық команда, мұндай ұжымдарға қарсы ойнау үшін көп күш салу қажет. Лихтенштейн – бізге лайық команда. Солтүстік Македония – қайсар команда, қиындық тудырады деп ойлаймын. Бельгия – әлемнің үздік құрамаларының бірі. Оларға қарсы ойнап, өз деңгейімізді тексеру қызық болады.

–        Алғашқы екі ойын сырт алаңда өтеді. Бұл артықшылық па, әлде кемшілік пе?

–        Қалай болғанда да, үйде де, сыртта да ойнау керек. Ең бастысы – Уэльсте және Лихтенштейнде жақсы ойнау керек, ал кейін бәрі оңайырақ болады.

–        Сен әлі де «Тобыл» ойыншысысың, бірақ командада өзгерістер бар. Құрамға қандай баға берер едің?

–        Қазір біз күшейдік. Әрине, кейбір ойыншылар кетті, бірақ олардың орнына жаңа ойыншылар келді. Біз олардың командаға бейімделуіне көмектесіп жатырмыз. Қостанайға оралған соң, бұл процесті жалғастырамыз. Егер тұрақтылық мәселесін шешсек, «Тобыл» кубок пен чемпиондық үшін күресе алады.

–        Легионерлердің мемлекет есебінен қаржыландырылмауы туралы заңға қалай қарайсың? Сен үшін легионерлердің маңызы қандай?

–        Легионерлерден үйренетін нәрсе көп. Бізде Ахмед Эль-Мессауди (Мароккодан) бар, одан да біраз нәрсе алуға болады – ол жоғары деңгейде ойнаған. Сондай-ақ, Миладиновичтен (Сербиядан) үйренетін жайттар бар. Жалпы, менің ойымша, легионерлер қазақстандық клубтарға қажет, өйткені олар тәжірибе бөліседі. Бірақ олардың саны шектеулі болуы мүмкін.

–        Дастан Сатпаевтың ойындарын көрдің бе? Оның ойыны мен трансфері туралы не айта аласың?

–        Ол туралы өткен жылы естідім. Тікелей ойындарын көрген жоқпын, бірақ ол туралы жақсы пікірлер айтылды. Тәртіпті, еңбекқор және қарапайым жігіт дейді. Оның «Челсиге» ауысуы – нағыз сенсация. Бұл қазақстандық футбол үшін үлкен жетістік, өйткені енді қазақстандық ойыншыларға Еуропада сұраныс арта түседі. Оның бұл қадамы біздің футболшыларға Англия мен Еуропаның есігін ашатынына сенемін.

–        Өзің жеке таныссың ба?

–        Жоқ, оны танымаймын.

–        Бәлкім, Британияда кездесіп қаларсыңдар?

–        Иә, уақыт көрсетеді.